«Өйткені, бұл реформаның сәтті жүзеге асуы латын қарпінің осы салаға қаншалықты дұрыс енгізілуіне байланысты», – дейді олар. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында өткен жиында мамандар бірнеше мәселені көтеріп, оларды шешу туралы өз ұсыныстарын айтты. Латын қарпіне негізделген ұлттық әліпбиді білім беру жүйесіне енгізуде мәселе көп. Оқулықтарды қайтадан жазып шығу, орфографиялық сөздіктер шығару жұмыстары бар. Бірақ, тіл мамандарының айтуынша, ең бастысы – жаңа әліпбидің емле-ережелерін дұрыс дайындау. Қазақ тілінің заңдылығын, өзіне тән ерекшелігін сақтау міндеті. Жаңа әліпби қолдануға ыңғайлы болуы үшін «көзшалым» мен «қолдағдыны» жедел әрі жеңіл үйрету жолдарын табу. Анар Фазылжанова, филология ғылымдарының кандидаты: – Біз қазіргі кезде реформаның сәтті жүзеге асуы үшін осындай қиындықтарды міндетті түрде айтуымыз керек. Оның алдын алудың шараларын өзіміз жүзеге асырып, орындауымыз керек. Бұл реформа жалпыхалықтық. Оның сәтті өтуіне Қазақстанның барлық азаматы атсалысуы керек. Ғалымдарды толғантқан мәселенің бірі – латын қарпіне негізделген қазақ тілімен қатар, ағылшын тілінің мектепте бірінші сыныптан бастап үйретілуі. «Өйткені, бір қаріпке негізделген екі тілді бірге үйрену баланың шатасуына алып келуі мүмкін», – дейді олар. Таңат Аяпова, филология ғылымдарының докторы, профессор: – Бірінші, екінші сыныпта ағылшын тілін ойын ретінде үйретуіміз керек. Жалпы, ағылшын тілін бірінші, екінші сыныпта үйретпеген дұрыс деп ойлаймын. Бұл менің ғалым ретінде бүкіл әлем ғалымдарының еңбегіне сүйеніп айтып отырған ойым. Бүгінде әлемнің 80-нен астам елі латын қарпінде жазады. Олардың көбі ғылым мен технология, әлеуметтік салалар бойынша көш бастап тұрған мемлекеттер. «Сондықтан, бұл реформа бізге үлкен жол ашады», – дейді ғалымдар. Ал, сол жолда адаспау үшін жаңа әліпбиді үйрету мен оқыту жолдарын білім беру ісіне жүйелі түрде енгізу қажет.
Амангелді СЕЙІТХАН